ҚР денсаулық сақтау министрі SANTO компаниясының Шымкент қаласындағы өндірістік алаңдарымен танысты

11.11.2024
Фото Santo

Ақмарал Әлназарова Polpharma Group бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старакпен кездесті.

2024 жылғы 02 қарашада Шымкенттегі SANTO фармацевтикалық зауытына Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бастаған делегация, сондай-ақ Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нияз Кемал барды.

Жақында Астанада ҚР президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық сессиясы аясында ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2011 жылдан бері Шымкентте SANTO ("Химфарм" АҚ) өндірістік алаңында ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асырып келе жатқан Polpharma Group бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старакпен кездесті. Кездесуде отандық фармацевтикалық индустрияның Қазақстан пациенттерін өмірлік маңызы бар дәрілік препараттармен қамтамасыз етудегі стратегиялық рөлі талқыланды.

Шымкентте делегация үшін зауытпен таныстыру экскурсиясы өткізілді, экскурсия барысында олар стерильді инъекциялық формалар өндіретін цехта болды. SANTO компаниясының өкілдері зауыттың директоры Рустам Байғарин мен Мемлекеттік органдармен және госпитальдық бизнеспен жұмыс жөніндегі директор Айгүл Исенова серіктестеріне инвестициялық жобаның іске асырылу барысы, өмірлік маңызы бар дәрілік заттарды оқшаулау процесі және экспортты кеңейту үшін Еуропалық Одақтың GMP сертификатын алу жөніндегі компанияның жоспарлары туралы айтып берді.

"SANTO компаниясы қазақстандықтарды қауіпсіз және тиімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін өзінің инвестициялық бағдарламасы мен ғылыми-зерттеу әлеуетін табысты дамытуда. Біз ұлттық дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз, бұл жаңа пандемиялар мен жаһандық геосаяси сын-қатерлер қаупі бар жағдайда ерекше маңызды болып табылады. Біз ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сенімді серіктесі ретінде Қазақстан халқының денсаулығын қорғауды жалғастыруға дайынбыз. Біздің ынтымақтастығымыз жемісті болатынына сенімдіміз", – деді SANTO зауытының директоры Рустам Байғарин.

–––