Ұлытау облысында цифрландыру мен инвестицияны дамыту тетіктері пысықталды

Кеңес барысында цифрландыру, инвестициялар және жасанды интеллект салаларындағы міндеттер нақтыланды.
Фото Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен кеңес

Не болды

Ұлытау облысында Қазақстан президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі жолдауын іске асыруға арналған кеңес өтті. Жиынның мақсаты – жолдауда көрсетілген басым бағыттарды өңір деңгейінде орындау тетіктерін пысықтау.

Басым міндеттер қандай

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жолдаудың ел дамуындағы стратегиялық бағытына тоқталып, өңірдің алдағы жоспарларын атап өтті.

"Президентіміз атап өткендей, әлемдік деңгейде инвестициялар үшін бәсекелестік артып келеді. Сондықтан біз үшін жаңа инвестициялық кезең басталды. Инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасап, өңір экономикасын тұрақты дамыту – басты міндетіміз", – деді облыс әкімі.

Фото Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен кеңес

Кеңес барысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин өңірдегі инвестициялық ахуал мен жаңа жобалар туралы баяндама жасады. Ал цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ермек Жазылханұлы жасанды интеллект пен цифрландыру бағытындағы жұмыстармен таныстырды.

Президент кеңесшісінің пікірі

Қазақстан президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жолдауда көрсетілген стратегиялық бағыттардың маңызын атап өтті:

"Жасанды интеллект пен цифрландыру – тек технология емес, ол мемлекетті басқарудың, экономиканы дамытудың және халық өмірін жақсартудың жаңа мәдениеті. Бұл үдеріске әр өңірдің белсенді қатысуы өте маңызды", – деді Мәлік Нұржанұлы.

Қандай шешімдер қабылданды

Кеңесті қорытындылай келе, облыс әкімі Дастан Рыспеков мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жауапкершілігін атап өтті. Жиын соңында жолдаудан туындайтын міндеттерді орындауға байланысты нақты тапсырмалар берілді.

Материал Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп дайындалды.