Ұлытауда ірі буындарды протездеу бойынша шеберлік сабағы өтті

Жергілікті травматологтар елордалық ортопедтермен бірлесіп күрделі операциялар жасап, кәсіби тәжірибесін жетілдірді.
Фотосурет Ұлытау облысының әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды
Ірі буындарды протездеу бойынша шеберлік сабағы

Не болды

Ұлытау облысында "Жезқазған медициналық орталығы" ЖШС базасында ірі буындарды протездеу бойынша шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Іс-шараны академик Нұрлан Жұмағұлұлы Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия орталығымен бірлесіп өткізу аймақ мамандары үшін маңызды тәжірибе алмасу мүмкіндігін жасады.

Шеберлік сабағының барысы

Шара "Жезқазған" медициналық орталығы бөлімше меңгерушісі Жан Берікұлы Мүбараков пен облыстың бас штаттан тыс ортопед-травматологы Рүстем Серікұлы Нысамбаевтың үйлестіруімен өтті.

Елордадан келген мамандардың қатысуымен ірі буындарды ауыстыру бойынша бірқатар күрделі операциялар жасалды. Шеберлік сабаққа медицина ғылымдарының кандидаты Валерий Дәулетұлы Серікбаев және жоғары санатты ортопед-травматолог Сергей Владимирович Бугалтер қатысты. Олар өз тәжірибесімен жезқазғандық әріптестерімен бөлісіп, операциялық жұмыстың нақты тәсілдерін көрсетті.

Фото сурет Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды
Ірі буындарды протездеу бойынша шеберлік сабағы

Пациенттер үшін қолжетімді көмек

Барлық операциялар МӘМС шеңберінде жүргізілді. Бұл өңір тұрғындары үшін жоғары технологиялық медициналық көмекті қолжетімді етеді.

"Жезқазған" медициналық орталығы ірі буындарды протездеу бойынша тәжірибеге ие: жыл басынан бері тізе мен жамбас буындарын ауыстыруға арналған 70-тен астам сәтті операция жасалды. Бұл аймақ пациенттеріне сапалы және инклюзивті медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Материал Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп дайындалды.