Ұлытау облысында жеке инвестиция 2,2 есе өсті: Сәтбаевта қандай өндірістер ашылады

Өңір экономикасы жарты жылда 17% өсті, ал жалпы құны 564 млрд теңге болатын 41 инвестициялық жоба аясында 3,6 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
ЖИ көмегімен жасалған иллюстрация
Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісінің өсуі

Не болды

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Ұлытау облысының экономикасы 17% өсіп, өңір экономикалық өсім қарқыны бойынша республикада екінші орынға шықты. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімдігі хабарлады.

Құрылыс 3,3 есе, жеке инвестиция 2,2 есе өсті

Төрт жыл бұрын ғана дербес әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде құрылған Ұлытау облысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша үздік өңірлер қатарына қосылды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында экономикалық өсім көрсеткіші 117%-ға жетті.

Өсім бірнеше негізгі салада байқалды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,8% артса, құрылыс жұмыстарының көлемі 3,3 есе ұлғайды.

Өңірге тартылған жеке инвестиция көлемі 2,2 есе өсті. Бұл көрсеткіш бойынша Ұлытау республикада бірінші орынға шықты. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 14% артып, облыс еліміздегі үздік үш өңірдің қатарына енді.

"Бұл нәтиже Ұлытау облысының инвестициялық белсенділігін арттырып, құрылыс саласының қарқынды дамып келе жатқанын және өңір экономикасының тұрақты өсімін айқын көрсетеді", – дейді Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

564 млрд теңгеге 41 жоба жүзеге асырылмақ

Өңір экономикасын дамытудағы негізгі бағыттардың бірі – инвестиция тарту. Қазір жалпы құны 564 млрд теңге болатын 41 жобадан тұратын арнайы пул жасақталған. Осы жобалар аясында 3,6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

2025 жылы жалпы құны 40 млрд теңге болатын жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 500 жергілікті тұрғын жұмысқа орналасты.

Жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары биыл да жалғасып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін жалпы құны 9 млрд теңге болатын екі ірі кәсіпкерлік нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Оның бірі – көмір байыту фабрикасы, екіншісі – Сәтбаев қаласындағы асфальт-бетон зауыты.

Бұдан бөлек, Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құрылып жатыр. Мұнда импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған үш ірі жобаны іске асыру көзделген. Өндірістер жұмысын бастаған кезде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Сәтбаевтағы индустриялық аймаққа 12 гектар жер бөлінді

Ұлытаудағы ірі кәсіпкерлік нысандарын біріктіруге арналған арнайы аймақ 2025 жылдың басында құрылды. Оған 12 гектар жер бөлінген. Қазір аумақ "Ұлытау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқаруында. Индустриялық аймақтың инфрақұрылымын қалыптастыру бастамасы бұдан ертерек – 2023 жылы көтерілген. Жобаны жүзеге асыру 2025 жылдың ақпанында басталды.

Нысан Анненская шахтасына апаратын автожолдың бойында орналасқан. Бұл аумақ логистика жағынан тиімді деп көрсетілген.

"Қала экономикасын әртараптандыру, жаңа жоғары тиімді өндірістерді, оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен қалыптастыру үшін жағдайлар жасау және осы негізде қала халқын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету", – дейді Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Эмиль Мисвахов.

Инфрақұрылымға 3,5 млрд теңге жұмсалады

Индустриялық аймақты қажетті коммуникациялармен қамтамасыз ету үшін құны 3,5 млрд теңге болатын инженерлік-көлік инфрақұрылымы салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың бірінші тоқсанында толық аяқтау жоспарланған.

Алайда құрылыс аяқталғанша инвестор іздеуді кейінге қалдырмаған. Индустриялық аймаққа қазірдің өзінде үш ірі инвестор тартылып, олармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған. Инвесторларға бөлінген жер учаскелері 25 жыл мерзімге берілген.

Инфрақұрылымды дамыту үшін Сәтбаев қаласының әкімдігі жобалау-сметалық құжаттама әзірледі. Келісімшарттар аясында инженерлік желілерді жүргізуге жауапты мердігерлер анықталып, тиісті қаржы бөлініп жатыр.

Жоба бойынша ұзындығы 483 метр болатын 35 киловольттық электр желісі тартылып, қуаты 35/6 киловольт болатын электр қосалқы станциясы салынады. Сонымен бірге 1 727,8 метр су құбыры, 1 352,4 метр кәріз жүйесі және 482 метр жылу желісі жүргізіледі.

Су құбырының құрылысы ауа райына байланысты тоқтаған

Су құбырын жүргізу бойынша алғашқы жұмыстар 2025 жылы басталды. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты олар уақытша тоқтатылған. Көктемнен бастап құрылыс қайта жанданды. 2026 жылы осы жұмыстарға 697 млн теңге бағытталды.

Индустриялық аймақтағы өндіріс орындарын үздіксіз жұмыспен қамтамасыз ету үшін инженерлік қуаттар да алдын ала бекітілген.

Электр қуаты 2,9 МВт, ал жылу қуаты сағатына 2,8 Гкал болады. Сумен жабдықтау көлемі тәулігіне 57,8 текше метрді құраса, кәріз жүйесінің өткізу қабілеті тәулігіне 96 текше метр болады.

Сондай-ақ ұзындығы 145 және 151 метр болатын автомобиль кірме жолдарын салу қарастырылған. Бес вагонға арналған теміржол тұйығының ұзындығы 1,7 шақырым болады.

Индустриялық аймақта не өндіріледі

Инфрақұрылым құрылысымен қатар инвесторларды тарту жұмыстары да жүріп жатыр. Қазіргі уақытта үш негізгі бағыт бойынша өндіріс орындарын ашу жоспарланған.

Бірінші жоба тау-кен өнеркәсібіне арналған мойынтіректер өндірісіне қатысты. Оны "Қарағанды мойынтірек тораптары фабрикасы" серіктестігі жүзеге асырады. Кәсіпорынға үш гектар жер телімі бөлінген.

Екінші жоба аясында резеңке үгіндісі мен плиталар шығарылады. Экологиялық бағыттағы өндірісті "ЭкоТехПром" серіктестігі қолға алады. Кәсіпорын үш гектар аумақта орналасады.

Үшінші инвестор шыны пакеттер өндірісін іске қоспақ. Құрылыс материалдарын шығаратын жобаны "ПромТехЭксклюзив" серіктестігі жүзеге асырады. Оған екі гектар жер бөлінген.

Жоспар бойынша индустриялық аймақтың инфрақұрылымы 2027 жылдың бірінші тоқсанында толық дайын болуы тиіс. Ал мұнда іске қосылатын үш өндіріс импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған және шамамен 100 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді.

Материал Ұлытау облысы әкімдігімен бірлесіп дайындалды.