Жер – басты стратегиялық ресурс: Батыс Қазақстанда 720 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Не болды
2022 жылдан бері Батыс Қазақстан облысында 720 мың гектар пайдаланылмаған немесе заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды.
Қайтарылған жерлердің тағдыры
720 мың гектардың 462 мың гектары қайта айналымға енгізіліп, ауыл шаруашылығымен айналысамын деген азаматтарға берілді. Ал 258 мың гектар әзірге босалқы жер қорында тұр. Алдағы уақытта бұл жерлерді де айналымға шығару үшін аудандық және қалалық әкімдіктермен жұмыс жүргізілмек.
Президенттің ұстанымы
Мемлекет Басшысы 2025 жылғы Жолдауында: "Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек. Әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізу керек", – деген болатын. Президент атап өткендей, жер тек қана оның қадірін білетін азаматтарға берілуі тиіс.
Жауапсыздық мәселесі
Тәжірибе көрсеткендей, кейбір азаматтар қолында бірнеше жер учаскесі бола тұра, жаңа конкурстарға қатысып, жерді мақсатсыз пайдаланады. Бұл ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отыр.
Заманауи бақылау
Қазақстанда жер ресурстарын тиімді басқару үшін қашықтықтан зондтау, ғарыштық бақылау және электрондық кадастр кеңінен қолданылуда. Бұл жүйелер пайдаланылмай жатқан жерді дер кезінде анықтап, мемлекетке қайтаруға мүмкіндік береді.
Ашықтық және жаңа технологиялар
Президент тапсырмасымен жерді бөлу кезінде электрондық конкурстар енгізілді. Мұндай тәсіл әділдікті күшейтіп, заңсыздықтың алдын алуға ықпал етеді. Болашақта спутниктік мониторинг пен жасанды интеллект технологиялары да кеңінен қолданылатын болады.
Қорытынды
Жер алған әрбір азамат оны мақсатына сай пайдалану қағидасын ұстануы тиіс.
Материал Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп дайындалды.