Жезқазғанда Binom мектебі мен екі "Білім-инновация" лицейі салынады
Не болды
Биыл Жезқазғанда 1000 орындық Binom мектебі мен ұлдар және қыздарға арналған әрқайсысы 400 орындық екі "Білім-инновация" лицейінің құрылысы басталады. Сонымен қатар Сәтбаев қаласы, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы ескі мектептер кезең-кезеңімен жаңғыртылады.
Бұл туралы Ұлытау облысында өткен "Құндылыққа негізделген білім: сапа, сабақтастық және жаңа мүмкіндіктер" тақырыбындағы облыстық тамыз педагогтер кеңесінде өңір әкімі Есет Байкен мәлімдеді. Іс-шараға Қазақстан Республикасының оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов қатысты.
Жаңа мектептер мен лицейлер салынады
Оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында Жезқазғанда 1000 орындық Binom мектебі салынады. Сондай-ақ ұлдар мен қыздарға арналған әрқайсысы 400 орынға есептелген, интернаттары мен жатақханалары бар екі "Білім-инновация" лицейінің құрылысы басталады.
"Білім беру инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Сәтбаев қаласында, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында ескі мектептер кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтеді", – деді өңір басшысы.
Кеңес барысында Есет Байкен білім беру саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып келе жатқанын атап өтіп, өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту жобаларына тоқталды.
Жасанды интеллектіні пайдалану талқыланды
Тамыз кеңесінде педагогтер білім беру саласындағы жаңа бастамалар мен оң өзгерістер, пилоттық жобалар, сондай-ақ білім беру үдерісінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мүмкіндіктері туралы баяндамалар жасады.
Педагогтер марапатталды
Жиында өскелең ұрпаққа білім беру мен тәрбие ісіне үлес қосқан педагогтер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Оларға "Еңбек ардагері" және "Ыбырай Алтынсарин" медальдары, "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісі, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ "Қосымша білім берудің үздігі" Құрмет дипломы табысталды.
Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп дайындалған.