Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті
Не болды
Отан қорғаушылар күні – ерлік пен елдіктің мерекесі. Осы орайда Алматы облысында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні ел тыныштығы күзетінде жүрген азаматтарға айрықша құрмет көрсетіліп, маңызы зор рухани-патриоттық шаралар ұйымдастырылды.
Мәліметтер
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында "Арыстан" мамандандырылған лицейіне арнайы барып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты.
Республикадағы бірегей оқу ордасы саналатын бұл лицейдің 15 жылдық тарихы бар. Осы уақыт ішінде 1 мыңнан астам түлек даярлап, ел қорғаны болар жас сарбаздарды тәрбиелеуде айрықша рөл атқарып келеді.
Сапар барысында әкім лицей тәрбиеленушілерімен кездесіп, олардың оқу үдерісі, әскери даярлығы және тұрмыс жағдайымен танысты. Сонымен қатар, жастарға патриоттық тәрбие берудің маңыздылығын атап өтіп, болашақ ел қорғаушыларына сәттілік тіледі.
"Бейбіт өмірдің берік қалқаны"
Мерекеге орай облыстың барлық аудан-қалаларында мәдени, спорттық іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, Алатау қалалық Мәдениет үйінде "Бейбіт өмірдің берік қалқаны" атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Patriot Fest
Еңбекшіқазақ ауданындағы Т. Молдағұлов атындағы Мәдениет үйі мен Шелек ауылының орталық алаңында Patriot Fest жастар арбат кеші өтті. Шара аясында асық ату және бес асықтан чемпионат ұйымдастырылып, Аймен ауылында көкпар тартылды.
"Ер – елінің қорғаны"
Жамбыл ауданындағы Б. Момышұлы атындағы №28237 әскери бөлімінде "Erlik" жобасы аясында ашық есік күні өтсе, Райымбек ауданының Нарынқол ауылдық Мәдениет үйінде "Ер – елінің қорғаны" атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.
Басқа іс-шаралар
Кеген ауданындағы Ж. Ермегияев атындағы орта мектепте ер мұғалімдер арасында мини-футболдан облыстық турнир өткізілді. Қарасай ауданының Қаскелең қаласында "Ұстаз барысы" қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылса, Талғар ауданында велоспорттан республикалық жарыс пен боксшы Есет Малғаждарұлын еске алуға арналған республикалық ашық турнир басталды. Ал Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында патриоттық кездесу кеші өтті.
Айтулы мереке аясында Қонаев қаласындағы №58012 әскери бөлім базасында арнайы көрме ұйымдастырылып, қаладағы Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.
Салтанатты кеш Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Контекст
Осылайша Алматы облысында Отан қорғаушылар мерекесі кең көлемде атап өтіліп, елдің рухын көтеретін, патриоттық сезімін асқақтататын мазмұнды, тағылымды шараларға толы болды.
Материал Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп дайындалды