Екі жыл қатарынан көлік ұтты: Ақтөбеде асық атудан турнир жеңімпазы анықталды
Не болды
Ақтөбеде асық атудан өткен республикалық турнирде Ғарышбек Құлыбек екінші жыл қатарынан жеңіске жетіп, автокөлік ұтып алды. Бұл туралы турнирді ұйымдастырған Respublica партиясының өкілі әлеуметтік желідегі жазбасында хабарлады.

Ғарышбек Құлыбек қалай турнир тарихына енді
Республика күніне орай Ақтөбедегі "Жекпе-жек" спорт сарайында асық атудан дәстүрлі турнир үшінші рет ұйымдастырылды. Жарысқа Қазақстанның 19 өңірінен іріктелген 38 мерген қатысты. Қатысушылар бас жүлде – автокөлік үшін бақ сынады.
Турнир қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының өкілі Ғарышбек Құлыбек жеңімпаз атанды. Ол 2025 жылы Шымкентте өткен жарыста да бірінші орын алған. Осылайша, Ғарышбек Құлыбек турнир тарихында екі жыл қатарынан бас жүлдені жеңіп алған алғашқы асықшы болды.

Қалған жүлделі орындарды кімдер иеленді
Екінші орынды Абай облысынан келген Алинұр Берікқазыұлы алды. Оған 1 миллион теңге табысталды. Үшінші орын Қызылорда облысының өкілі Ғалымжан Сейілхановқа бұйырды. Ол 500 мың теңге көлемінде жүлде алды.

Малайзиядан келген қонақтар қандай жоспарымен бөлісті
Биылғы турнирге Малайзиядан да қонақтар қатысты. Сұлтан Идрис атындағы педагогикалық университеттің профессорлары Че Залина мен Мухаммад Фазлы Таиб Саерани жарысты тамашалады. Олар алдағы әлем чемпионатына Малайзиядан команда алып келуге ниетті екенін жеткізді.
Турнирге Ақтөбе облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов пен Қазақстанның Асық ату ұлттық федерациясының президенті Марал Ниталиев те қатысты.
Іс-шара барысында асық ату спортының негізін қалаушы Жомарт Сабыржанұлы ұйымдастырушыларға асықтың көне бейнесі салынған картинаны сыйға тартты.
Сондай-ақ Ақтөбе облыстық Асық ату федерациясының атқарушы директоры Мұсағали Тасқалиев "Еңбек ардагері" медалімен марапатталды.
Келесі турнир қайда өтеді
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, асық атудан дәстүрлі турнир келесі жылы Арқалық қаласында өтеді. Осылайша, 2027 жылы жарыс төртінші рет ұйымдастырылмақ.