BES.media
BES.media

KMF Банк OPEC қорымен қарыз беру туралы келісім жасасқан Қазақстандағы алғашқы банк атанды

30 млн АҚШ доллары микро, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жобаларын қолдауға бағытталады.
KMF Банк өкілдері ресми фотосуретке түсуде KMF Банк фотосы

Не болды

KMF Банк OPEC Халықаралық даму қорымен (OPEC Fund) 30 млн АҚШ доллары көлемінде қарыз беру туралы келісім жасасты. Осылайша, банк Қазақстанда қордың қаржыландыруына қол жеткізген алғашқы жоба атанды.

Келісім OPEC қорының Қазақстанмен ынтымақтастығын кеңейту аясында жасалды. Бұған дейін қор Қазақстан үкіметімен елдің жеке секторындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған негіздемелік келісімге қол қойған болатын.

Қаражат қандай мақсаттарға жұмсалады

Тартылған қаражат микро, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды қолдауға бағытталады. Кәсіпкерлер қаржыландыруды айналым қаражатын толықтыруға, негізгі құралдарды, ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы жабдықтарды сатып алуға және басқа да мақсаттарға пайдалана алады.

Келісім KMF Банктің халықаралық қаржы ресурстарын тарту мүмкіндіктерін кеңейтіп, кәсіпкерлер үшін маңызды бағыттарды қосымша қаржыландыруға жол ашады.

"OPEC қорымен жасалған келісім – KMF Банк пен біздің клиенттеріміз үшін маңызды оқиға. Әсіресе, Қазақстанда қормен қарыз беру туралы келісім жасасқан алғашқы қаржы институты атанғанымыздың мәні зор. Бұл – клиенттеріміз үшін бизнесті дамытуға, инвестиция салуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға арналған қосымша мүмкіндіктер", – деді "KMF Банк" АҚ басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлерді қолдау банктің ұзақмерзімді стратегиясының негізгі басымдықтарының бірі болып келеді.

"Банк лицензиясын алу осы стратегияны сақтай отырып, бизнеске ұсына алатын қаржылық шешімдер аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. OPEC қорымен серіктестік Қазақстан кәсіпкерлері мен агробизнес өкілдерін қаржыландыру мүмкіндіктерімізді нығайта түседі. Бұл инвестициялық белсенділіктің артуына, бизнестің өсуіне және экономиканың нақты секторының одан әрі дамуына ықпал етеді", – деді Жүсіпов.

OPEC Қоры қандай жобаларды қаржыландырады

OPEC қоры – мүше мемлекеттердің қаражаты есебінен тек өз құрамына кірмейтін елдерді қаржыландыратын халықаралық даму ұйымы. Қор экономиканың түрлі салаларындағы жобаларды қолдайды. Олардың қатарында азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы, энергетика, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру бар. Ұйым әлемнің 125-тен астам елінде қызмет атқарады. Құрылған сәтінен бастап ұсынған қаржыландыруының жалпы көлемі 32 млрд АҚШ долларынан асты.

OPEC қорының өкілдері ресми кездесуде бірлесіп суретке түстіKMF Банк фотосы
OPEC қорының өкілдері 30 млн АҚШ доллары көлемінде қарыз беру туралы келісімге қол қою рәсімінде

Қор Қазақстандағы әріптестікті қалай бағалайды

"Бұл қаржыландыру OPEC қорының Қазақстандағы қызметіндегі маңызды кезеңді білдіреді және елдің жеке секторын дамытуға қолдау көрсетуге деген ұстанымымызды растайды. KMF Банкпен әріптестік арқылы біз кәсіпкерлердің, микро, шағын және орта кәсіпорындардың, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеміз", – деп атап өтті OPEC қорының президенті Абдулхамид әл-Халифа.

Ол аталған секторлардың экономиканы әртараптандыруға, жұмыс орындарын құруға және инклюзивті өсімге ықпалын атап өтті.

"Қазіргі таңда қаржылық қызметтермен жеткілікті деңгейде қамтылмаған экономика сегменттеріне тиімді қаржылық шешімдер ұсыну бағытындағы KMF Банктің бастамаларын қолдағанымызға қуаныштымыз", – деді Абдулхамид әл-Халифа.

KMF Банк бұған дейін қай ұйымдардан қаржыландыру тартты

OPEC қорымен ынтымақтастық KMF Банктің халықаралық қаржы институттарымен серіктестігін дамытудың кезекті кезеңі болды. Бұған дейін банк Францияның Proparco даму институтынан, Еуропа қайта құру және даму банкінен (ЕҚҚДБ), сондай-ақ Түркі инвестициялық қорынан (TIF) қаржыландыру тартқан болатын. KMF Банк пен Түркі инвестициялық қоры арасындағы әріптестік те Қазақстандағы алғашқы жоба болды.

ҚНРДА 15.07.2026 жылы берген № 1.1.719.137 лицензия.

BES.media
BES.media
Мы используем cookies
Файлы cookies помогают нам улучшать работу сайта, обеспечивать удобство пользования, анализировать трафик и показывать релевантный контент. Вы можете использование cookies или ознакомиться с нашей Политикой конфиденциальности, чтобы узнать больше.
Принять