BES.media
BES.media

Президент тапсырмасы: БҚО жасанды интеллектті білімге енгізіп, экономиканы әртараптандырады

Өңірде цифрлық трансформация, жаңа инвестициялар мен әлеуметтік жобалар талқыланды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен кеңес Суретті Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды

Не болды

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің жетекшілігімен "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оларды түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" тақырыбындағы жолдауды іске асыруға арналған кеңес өтті.

Толығырақ

Жиынға облыстық мәслихат төрағасы, жоғары оқу орындарының ректорлары, кәсіпкерлер палатасы мен ауыл және су шаруашылығы саласының жетекшілері қатысты. Негізгі тақырып – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерді өңір деңгейінде жүзеге асыру жолдары.

Экономикаға жаңа серпін

Әкім атап өткендей, Жолдауда көтерілген бастамалар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді. Инвестициялық саясатты қайта қарау, өңдеу өнеркәсібін қолдау, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистиканы дамыту, цифрландыруды күшейту – өңір үшін басты басымдықтар.

2024 жылы облысқа 749,9 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 72,6%-ын жеке капитал құрады. Алдағы бес жылда 2,2 трлн теңгені құрайтын 73 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект білімде

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізуде көш бастап тұр. Университет ректоры Нұрлан Серғалиев кеңесте сөз сөйлеп, оқу ордасының атқарып жатқан жұмыстарын таныстырды. Оның айтуынша, "Цифрлық теңге" жобасы қаржының ашықтығын қамтамасыз етіп, шығындарды азайтуға жағдай жасайды.

Сондай-ақ президент тапсырмасымен іске қосылған AI-Sana бағдарламасы жасанды интеллект саласында 100 мың студент пен оқытушыны қамтымақ.

"Жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны енгізу – президент жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асырудағы алғашқы қадамдар. Университет бұл бағыттағы жүйелі жұмысын жалғастырады", – деді Серғалиев.

Қазірдің өзінде 4900-ден астам студент 8 мыңнан аса халықаралық сертификат алып үлгерген. 2024–2025 оқу жылынан бастап барлық оқу бағдарламаларына "Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект" пәні енгізілді. 200-ден астам оқытушы арнайы курстардан өтіп, ІІ-ді қолдану негіздерін меңгерді.

Университет өз ішкі интеллектуалды шешімдерін де әзірлеуде: "Академиялық тәлімгер", "Оқытушының көмекшісі", "Makhambet AI Grant Finder", "Makhambet FaceID" және "Makhambet Talapker AI" жобалары қолға алынған. Сонымен бірге студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыру үшін FaceID жүйесі енгізілуде.

Экономикалық жаңғыру – уақыт талабы

Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев жолдаудың өңір үшін маңызын атап өтіп, үш бағытты бөліп көрсетті: экономикалық жаңғыру, әлеуметтік мәселелерді шешу және саяси реформалар.

Өңдеу өнеркәсібінде соңғы жеті айда 21,2% өсім тіркелді. Жаңа зауыттар ашылып, жұмыс орындары құрылуда. Ірі жобалардың бірі – "ZhaikPetroleumLTD" компаниясының 78,8 млрд теңгеге метанол өндіретін газ-химия кешені.

Әлеуметтік әділеттілік және реформалар

Мұқаев әлеуметтік көмекті әділ бөлу қажеттігін айтты. Еңбекке қабілетті кей азаматтардың масылдыққа бейімделуі қоғамда алаң туғызып отыр. Осыған байланысты цифрландыруды пайдалану, қайта даярлау және шағын бизнеске қолдау көрсету маңызды деді ол.

Сонымен қатар президент ұсынған парламентті бір палаталы жүйеге көшіру бастамасы кеңінен талқыланатын болады. Мәслихат төрағасы бұл қадам заң шығару үдерісін жеңілдетіп, партиялардың жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Ауыл шаруашылығы, білім және спорт

Кеңесте ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, сүт фермаларын салу, бордақылау алаңдарын кеңейту, жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері қозғалды. Су қоймаларын қалпына келтіру және суды үнемдеу технологияларын енгізу қажеттігі айтылды.

Білім саласында "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында өңірде 9 мектептің құрылысы жоспарланып, төртеуі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы бесеуі ашылады. Сонымен қатар мұғалімдердің жасанды интеллектті меңгеру деңгейін арттыру және балаларды спортқа тарту назарға алынды.

Қорытынды

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев:

"Жолдауда айқындалған міндеттерді жүйелі жүзеге асыру арқылы өңірдің әлеуетін көтеріп, халықтың тұрмыс сапасын арттыра аламыз", – деді.

Материал Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе дайындалды.

BES.media
BES.media
Мы используем cookies
Файлы cookies помогают нам улучшать работу сайта, обеспечивать удобство пользования, анализировать трафик и показывать релевантный контент. Вы можете использование cookies или ознакомиться с нашей Политикой конфиденциальности, чтобы узнать больше.
Принять