Ұлытау облысында "Ауыл аманаты" арқылы 51 кәсіпкер жеңілдетілген несие алды
Не болды
Ұлытау облысында биыл "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша 51 кәсіпкер жеңілдетілген несие алды. Жыл басынан бері ауыл тұрғындарынан 61 өтінім түсіп, оның 51-ін арнайы комиссия мақұлдаған.
Бағдарламаға қанша қаржы бөлінді
Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, "Ауыл аманаты" бағдарламасы аграрлық секторды дамытуға және ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. 2023-2026 жылдарға республикалық бюджеттен Ұлытау облысына 5,2 млрд теңге қарастырылған. Қазірге дейін оның 4,6 млрд теңгесі өңір қазынасына түсті.
Осы қаражат есебінен жалпы құны 4,2 млрд теңге болатын 483 жоба іске асырылған. Соңғы үш жылда бағдарлама арқылы қолдау алғандар саны 500-ге жуықтады. Биылдың өзінде бағдарламаны жүзеге асыруға 1,2 млрд теңге бөлінді. Басқарма мамандарының айтуынша, жыл соңына дейін қалған жобаларды қаржыландыру жалғасады.
Несие 2,5% мөлшерлемемен беріледі
Жеңілдетілген микрокредиттер ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидалары бойынша рәсімделеді.
"Бағдарлама бойынша несие Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 16 маусымдағы № 53 бұйрығымен бекітілген "Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидаларына" сәйкес беріледі", – деді Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алмат Саухимов.
Шаруа және фермер қожалықтары үшін микрокредиттің ең жоғары сомасы 2 500 АЕК-ке дейін жетеді. 2026 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 10 млн теңге.
Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері үшін шекті сома 8 000 АЕК-ке дейін немесе 34,6 млн теңгеге дейін белгіленген.
Несие көлемі активтердің құнына, қарыз алушының төлем қабілетіне және кепілдікпен қамтамасыз етілуіне қарай анықталады.
Бұл грант немесе қайтарымсыз мемлекеттік көмек емес. Қаражат қайтарымды негізде беріледі. Жылдық мөлшерлеме – 2,5%, өтеу мерзімі – 5 жылдан 7 жылға дейін. Несие алушылардың басым бөлігін жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары құрайды.
Несие алушылардың 35%-ы – әйелдер
Қаржыландырылған жобалар арасында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар жоқ. Сонымен бірге бағдарламаға қатысқан әйелдердің үлесі жоғары.
"Қаржыландырылған жобалардың ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар жоқ. Сонымен бірге, әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігі жоғары: несие алушылардың 35%-ын әйелдер құрайды", – деді Алмат Саухимов.
Негізгі бағыт – мал шаруашылығы
Өңірдің дәстүрлі шаруашылық бағытына байланысты қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі мал өсіруге бағытталған. Бұл салада жалпы құны 3,5 млрд теңге болатын 422 жоба қолдау тапты. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындары 5 500 басқа жуық ірі қара, ұсақ мал және жылқы сатып алды.
Басқарма бұл жобалар облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жергілікті ет өнімдерінің көлемін арттыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.
"Мал шаруашылығын дамыту арқылы облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жергілікті өндірістегі ет өнімдерінің көлемін ұлғайтуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге жағдай жасалуда. Бағдарлама бойынша қаржыландырылған мал шаруашылығы жобаларының нәтижесінде ауыл тұрғындарының өндірістік базасы кеңейіп, жеке қосалқы шаруашылықтарды тауарлы өндіріске айналдыруға және ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамытуға нақты мүмкіндік қалыптасты", – деді Саухимов.
Қайта өңдеу мен шағын бизнеске де қаржы бөлінді
Бағдарлама тек мал шаруашылығымен шектелмейді. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, шағын және орта бизнеске, сондай-ақ қызмет көрсету саласына да қолдау көрсетілген. Шағын және орта бизнес бойынша жалпы құны 622 млн теңге болатын 58 жоба қаржыландырылды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 93,9 млн теңгеге үш жоба іске асырылды. Бұл жобалар шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары отандық дайын өнім көлемін арттыруға бағытталған.
21 кооператив құрылып, 460-тан астам жұмыс орны ашылды
"Ауыл аманаты" бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі – ауыл тұрғындарын біріктіру және олардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту. Осы бағытта Ұлытау облысында 21 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Игерілген қаражат пен іске асырылған жобалардың нәтижесінде өңірде 460-тан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Жалпы, бағдарлама ауыл тұрғындарына кәсіп бастауға, бар шаруашылығын кеңейтуге және тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Өңірде жұмыспен қамтуды арттыру, шағын бизнесті дамыту және ауыл тұрғындарының табысын көбейту бағытындағы жобаларды қаржыландыру жыл соңына дейін жалғасады.
Материал Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп әзірленді