KMF Банк пен ЕҚҚДБ кәсіпкерлікті қолдауға 50 млн доллар тартты
Не болып қалды
KMF Банк пен Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) Қазақстандағы кәсіпкерлікті қолдауға жалпы сомасы 50 млн долларды құрайтын екі келісімге қол қойды, деп хабарлады KMF Банк.
Мәліметтер
KMF Банк пен Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) жалпы сомасы 50 млн АҚШ долларын құрайтын қаржыландыру тарту туралы екі келісімге қол қойды.
Оның ішінде 40 млн доллар микро, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталса, тағы 10 млн доллар "Бизнестегі әйелдер II" бағдарламасы аясында әйел кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге жұмсалады.
KMF Банктің мәліметінше, тартылған қаражат кәсіпкерлердің бизнесті дамытуына және ауқымын кеңейтуіне қажетті қаржыландыруға қолжетімділікті арттырады. Ал "Бизнестегі әйелдер II" бағдарламасына қатысушылар қаржыландырумен қатар консультациялық және сараптамалық қолдау алады.
KMF Банктің негізгі көрсеткіштері
Қазір KMF Банктің несие портфелінің 90%-дан астамы бизнесті қаржыландыруға, оның ішінде аграрлық сектор мен әйелдер кәсіпкерлігі жобаларына бағытталған. Банктің клиенттік базасының 55%-ын әйелдер құрайды.
Халықаралық қаржы институтымен жаңа кезең
"Бизнесті қолдау KMF Банктің қашан да негізгі миссиясы болды және солай болып қала береді. ЕҚҚДБ-мен ынтымақтастық кәсіпкерлерге, микро, шағын және орта кәсіпорындарға тұрақты өсім үшін қажетті ресурстарға қолжетімділікті кеңейтуге, өңірлерде бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасауға және ел экономикасындағы әйелдердің рөлін күшейтуге ықпал етеді. Біз үшін бұл келісімдердің маңызы ерекше, себебі олар - біз банк лицензиясын алғаннан кейін халықаралық қаржы институтымен жасалған алғашқы келісімдер. ЕҚҚДБ тарапынан көрсетілген қолдау KMF Банкке деген жоғары сенімді растайды және оны Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы көпжылдық еңбегіміздің мойындалуы деп білеміз", – деп атап өтті KMF Банк Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов.
Банк бұған дейін де ЕҚҚДБ-мен бірлесіп жеңілдетілген қаржыландыру, білім беру және тәлімгерлік бағдарламаларын жүзеге асырған.
Материал KMF Банктің баспасөз қызметімен бірлесіп дайындалды.