"Кең дала-2": Ұлытау облысында шаруаларды қаржыландыру шамамен алты есе өсті
Не болды
Ұлытау облысында "Кең дала-2" бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығын қаржыландыру 2024 жылғы 149,9 млн теңгеден 2026 жылдың жеті айында 866 млн теңгеге дейін, яғни шамамен алты есе өсті. Бұл туралы Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мен "Аграрлық несие корпорациясы" мәлімдеді.
150 млн теңгеге жуық қаржы 866 млн теңгеге жетті
Ұлытау облысында ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінетін қаржы соңғы үш жылда айтарлықтай артқан. Соның ішінде көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына арналған "Кең дала-2" бағдарламасы бойынша қаржыландыру көлемі жыл сайын өскен.
Өңірде "Аграрлық несие корпорациясының" облыстық филиалы 2023 жылы жұмысын бастады. Содан бері ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелеу жүйесі жолға қойылды.
Басқарманың мәліметінше, "Кең дала-2" бағдарламасы іске қосылған алғашқы жылы – 2024 жылғы маусымда өңір шаруаларына 149,9 млн теңге бөлінді. 2025 жылғы маусымда қаржыландыру 441,2 млн теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша бұл сома 866 млн теңгені құрады.
Осылайша, алғашқы көрсеткішпен салыстырғанда бағдарлама бойынша бөлінген қаржы шамамен алты есе көбейді.
"Кең дала-2" бағдарламасы аясында 2024 жылдан бастап 2026 жылдың жеті ай дейінгі кезеңде барлығы 29 ауыл шаруашылығы тауар өндірушіге қаржылай қолдау көрсетілді. Аталған кезеңдегі қаржыландырудың жалпы көлемі 1,4 млрд теңгені құрады", – дейді "Аграрлық несие корпорациясы" басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Оспанов.
Шаруалар несиені жылдық 5%-бен ала алады
"Кең дала-2" аясындағы жеңілдетілген қаржы шаруаларға жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі.
Кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда фермерлер "Даму" қоры арқылы қарыз сомасының 85%-на дейін кепілдік ала алады. Бұл мүмкіндік шағын және орта шаруашылықтарға да маусымдық жұмыстарға қажетті қаржы тартуға жол ашады.
Несиелеудің артуымен қатар өңірдегі егіс көлемі де ұлғайған. Қазір Ұлытау облысындағы жалпы егіс алқабы 33 мың гектарға жетті. Оның 9,7 мың гектары – "Кең дала-2" бағдарламасы арқылы қаржыландырылған шаруашылықтардың егістігі.
Шаруалар бөлінген қаражатты өндірістік қажеттілігіне қарай өздері жұмсайды. Егіс алқабының көлемі мен жоспарына байланысты олар жанар-жағармай, тұқым, минералды тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып ала алады.
Дизельге деген қажеттілік те артқан
Көктемгі егіс пен күзгі жиын кезінде шаруаларды несиелеумен қатар, дала жұмыстарына қажетті мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету қарастырылған.
2025 жылы Ұлытау облысындағы дала жұмыстарына 360 тонна дизель отыны сатып алынды. Павлодар мұнай-химия зауытынан алынған дизельдің бір литрінің бағасы 232 теңге болып бекітілді.
Биыл қажеттілік 419 тоннаға дейін өскен. Дизель отынының зауыттан шығару бағасы бір литріне 263 теңгені құрайды.
Жаңаарқа шаруалары қаржыландыруға белсенді жүгінеді
Бағдарламалар арқылы ұсынылатын қаржыландыруды пайдалану жағынан Жаңаарқа ауданы белсенділік танытып отыр.
Мұндағы кәсіпкерлер мен шаруалар қаржыны тек егін шаруашылығына емес, мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және бизнестің басқа бағыттарына да тартып жатыр.
"Кредит алушылардың саны бойынша Жаңаарқа ауданы ең белсенді болып табылады. Аудан кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді және бизнестің басқа да бағыттарын дамыту үшін қаржыландыру мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдалануда", – дейді жауапты мамандар.
Мал шаруашылығына 5 млрд теңгеге дейін несие беріледі
Өңірде егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамытуға арналған қаржыландыру тетіктері де іске қосылған.
"Аграрлық несие корпорациясы" "Игілік", "Береке" және "Жайлау" секторы сияқты бағдарламалар арқылы асыл тұқымды мал басын көбейтуге, жаңа фермалар салуға және жайылым инфрақұрылымын дамытуға ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие бере бастады. Бұл бағдарламалардың бір ерекшелігі – қарыз алушыға негізгі борыш пен сыйақыны төлеуді уақытша кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.
"Игілік" және "Береке" бағдарламалары аясында асыл тұқымды мал басын сатып алуға қаржыландыру көзделген. Қаржыландыру мөлшерлемесі жылдық 6%-ды құрайды, қарыз сомасы – 5 млрд теңгеге дейін, қаржыландыру мерзімі – 84 айға дейін. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі 24 айға дейін беріледі", – дейді Ерлан Оспанов.
Осылайша, кәсіпкерлер асыл тұқымды мал сатып алуға 5 млрд теңгеге дейін несие ала алады. Қаржыландыру жеті жылға дейін беріледі, ал негізгі қарыз бен сыйақыны өтеуді екі жылға дейін кейінге қалдыруға болады.
Ендігі бағыт – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу
Ұлытау облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту кезінде тек өнім өндіруге емес, оны қайта өңдеуге де басымдық берілмек. Бұл бағыт қазірдің өзінде Жаңаарқа ауданындағы кәсіпкерлердің қаржыландыруға өтінімдерінен байқалады: шаруалар мал өсірумен және егін егумен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларына да қаржы тартып жатыр.
Ал өңірдегі жалпы егіс көлемінің 33 мың гектарға, оның ішінде "Кең дала-2" арқылы қаржыландырылған алқаптардың 9,7 мың гектарға жетуі ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржы көлемінің ұлғаюымен қатар жүріп отыр.
Материал Ұлытау облысы әкімдігімен бірлесіп дайындалды.